ruenkz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес

«Қазаэронавигация» РМК-ның

сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты

 

1. Жалпы ережелер

1. «Қазаэронавигация» РМК-ның (бұдан әрі – Кәсіпорын) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы саясаты (бұдан әрі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат) Кәсіпорындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі принциптерін, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күресу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың салдарын барынша азайту және (немесе) жоюдың басқарушылық және ұйымдастырушылық негіздерін белгілейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатының аталған ережелері мүмкін болатын сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуға, Кәсіпорында сыбайлас жемқорлықты қатаң қабылдамауды қалыптастыруға бағытталған.

2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат – сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл жүйесін құруға бағытталған қызмет.

3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мыналар бойынша Кәсіпорын лауазымдық тұлғаларының құзыреті аясындағы қызметі:

1) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, соның ішінде сыбайлас жемқорлық себептерін анықтау және кейіннен жою (сыбайлас жемқорлықтың алдын алу);

2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтау, алдын алу, бұлтартпау және ашу (сыбайлас жемқорлықпен күрес).

4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың ережелері Кәсіпорынның барлық қызметкерлеріне қатысты.

 

2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың мақсаты мен міндеттері

5. Лауазымдық міндеттерді орындау кезінде сыбайлас жемқорлықтан бас тартатын және әділеттік пен тұрақтылық принциптерін қамтамасыз ететін Кәсіпорын қызметкерлерінің құқықтық мәдениетін қалыптастыру Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі мақсаты болып табылады.

6. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың міндеттері:

1) сыбайлас жемқорлыққа әкеп соғатын себептер мен жағдайларды жою;

2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу;

3) Кәсіпорын қызметкерлерін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін, сондай-ақ Кәсіпорын қызметін регламенттейтін ішкі нормативтік құжаттарды қатаң сақтауға тәрбиелеу болып табылады.

 

3. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары

7. Кәсіпорындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мынадай негізгі шараларды қолдану арқылы жүзеге асырылады:

1) төмендегілер арқылы Кәсіпорын қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық тәртібіне төзбеу қылығын қалыптастыру:

- қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында ҚР заңнама нормалары мен басқа да актілерін түсіндіру;

- Кәсіпорын қызметкерлеріне Кәсіпорында және квазимемлекеттік сектордың өзге мемлекеттік органдары мен ұйымдарында анықталған сыбайлас жемқорлық фактілері туралы мәлімдеу;

- Кәсіпорын қызметкерлерімен түсіндіру әңгімелерін өткізу;

2) Кәсіпорынның лауазымды тұлғаларына және қызметкерлеріне, соның ішінде бос лауазымға отыратын үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптарын қою;

3) қағиданы кадрлық жұмыс тәжірибесіне енгізу, соған сәйкес лауазымды тұлғаның өзінің қызметтік міндеттерін ұзақ, мінсіз және тиімді орындауы оны жоғары тұрған лауазымға тағайындаған кезде немесе оған сыйақы беру кезінде міндетті тәртіпте ескерілуге тиіс;

4) Кәсіпорын қызметкерлерін, сондай-ақ үшінші тұлғаларды алаяқтық, асыра пайдалану және басқа да заңға қайшы әрекеттерді жасауға қатысты белгілі фактілер немесе күдіктер туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін кез келген әдістермен хабарлау құқығымен қамтамасыз ету.

 

4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі бағыттары

8. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша Кәсіпорын қызметінің негізгі бағыттары:

- сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында Кәсіпорынның біріңғай саясатын жүргізу;

- мемлекеттік органдармен, сыртқы ұйымдармен, сондай-ақ азаматтармен және азаматтық қоғамның және институттарымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Кәсіпорынның өзара іс-қимыл жасау механизмін құру;

- Кәсіпорын қызметкерлерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға барынша қатысуға тартуға, олардың ойын сыбайлас жемқорлық тәртіпке деген жағымсыз көзқарасты қалыптастыруға бағытталған әкімшілік және өзге де шараларды қабылдау;

- қызмет көрсеткен кезде, адал, ашық, әділ бәсеке мен әділдікті қамтамасыз ету болып табылады.

9. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға және/немесе Кәсіпорын қызметкерін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасауға итермелеуге қатысты белгілі фактілер немесе күдіктер туралы ақпаратты білетін Кәсіпорынның өзге де қызметкерлері, сондай-ақ үшінші тұлғаларды тарту фактілері туындаған жағдайда, Кәсіпорын қызметкерлері Кәсіпорынның басшылығына дереу хабарлауға міндетті.

10. Бұндай әрекеттердің жасалуы туралы өтініш қажет болған жағдайда жауапкершілікке тарта отырып және уәкілетті мемлекеттік органдарды хабарландыра отырып, тексеріледі және өзінің логикалық соңына жеткізіледі.

 

5. Мүдделер қақтығысын болдырмау және реттеу тәртібі

11. Кәсіпорын қызметкерлері:

1) мүдделер қақтығысы туындауының кез келген мүмкіндігін болдырмау жөніндегі шараларды қабылдауға;

2) мүдделер қақтығысының туындауы немесе туындау мүмкіндігі туралы өзі білген уақытта дереу өзінің тікелей басшысына хабарлауға;

3) мүдделер қақтығысын болдырмау және реттеу жөніндегі өзге де шараларды қабылдауға міндетті.

12. Мүдделер қақтығысын болдырмау және реттеу мүдделер қақтығысы тарапы болып табылатын Кәсіпорын қызметкерінің лауазымдық немесе қызметтік дәрежесінің өзгеруі түрінде, тіпті белгіленген тәртіпте қызметтік міндеттерді орындаудан босатылуы түрінде болуы мүмкін.

 

6. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін жауапкершілік

13. Кәсіпорын қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылады.

 

 

«Қазаэронавигация» РМК-ның

сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты

 

1. Жалпы ережелер

1. Осы «Қазаэронавигация» РМК-ның (бұдан әрі – Кәсіпорын) сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V Қазақстан Республикасы Заңының 10-тармағына, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды әзірлеу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес әзірленді.

2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттың мақсаты сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау, Кәсіпорын қызметінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне нөлдік шыдамдылықты қалыптастыру болып табылады.

3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттың міндеттері:

1) қызметтік міндеттерін жүзеге асыру кезінде Кәсіпорын қызметкерлерінің жемқорлыққа қарсы тұрақты тәртібін қалыптастыру;

2) сыбайлас жемқорлық көріністерін дер кезінде анықтау және олардың тигізетін теріс әсерлерін алдын алу болып табылады;

3) Кәсіпорын қызметінің тиімділігін арттыру болып табылады.

4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттың негізінде мыналар кезінде лауазымдық міндеттерді орындау бойынша Кәсіпорын қызметкерлерінің тәртібі (іс-қимылы) сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау мақсатында:

1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар саласында жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыру;

2) өз құзыреті шеңберінде басқарушылық және өзге шешімдерді даярлау және қабылдау;

3) Кәсіпорын көрсететін қызметтер мен өзге де функциялар;

4) Кәсіпорын қажеттілігі үшін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру;

5) Кәсіпорында кадрлық жұмысты ұйымдастыру;

6) Кәсіпорын қызметінде туындайтын өзге өзара қатынастар кезінде қалануы тиіс.

5. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттың қолданылуы және орындалуы:

1) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт функцияларды жүзеге асыру мен жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыру кезінде Кәсіпорын қызметінде қолданылады.

2) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт Кәсіпорын қызметкерлеріне орындау үшін міндетті.

6. Осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты қолданудың қоғамдық қатынастар саласы – көлік саласы.

7. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты әзірлеуші – «Қазаэронавигация» РМК.

 

2. Сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау мақсатында лауазымдық міндеттерді орындау бойынша Кәсіпорын қызметкерлерінің тәртібі (іс-қимылы) қағидалары

8. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартпен қозғалған саладағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыру кезінде Кәсіпорын қызметкерлері:

1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын, Президенттің, Қазақстан Республикасының актілерін, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның және саланың уәкілетті органдарының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, шешімдерін, Кәсіпорын бас директорының бұйрықтарын, сондай-ақ Кәсіпорын Жарғысын басшылыққа алуға;

2) Қазақстан халқының бірлігін және елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге және Қазақстанның мемлекеттік және басқа да тілдеріне, салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға;

3) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдерді әділ қабылдауды қамтамасыз етуге;

4) өзінің іс-әрекетімен және тәртібімен қоғам тарапынан сынауға себеп бермеуге, сын үшін қудалауды болдырмауға, кемшіліктерді жою және өз қызметін жақсарту үшін сындарлы пікір білдіруге;

5) жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде ұйымдар мен өзге тұлғалардың қызметіне әсер ету үшін қызметтік дәрежені пайдаланбауға;

6) шындыққа жанаспайтын мәліметті таратпауға;

7) заңмен тәртіптік, әкімшілік және құқықтық жауапкершілік көзделетін теріс қылықтар мен өзге де құқық бұзушылықтар жасамауға;

8) Кәсіпорында еңбек заңнамасын орындауды, еңбек тәртібі мен талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге міндетті.

9. Өз құзыреті аясында басқарушылық және өзге де шешімдерді әзірлеу және қабылдау кезінде Кәсіпорын қызметкерлері:

1) мүдделер қақтығысының туындағаны, қызметтік міндеттерді орындау кезінде жеке мүдделілік туралы, сыбайлас жемқорлық мінез-құлыққа және сыйлықтар алуға тарту туралы тікелей немесе жоғары тұрған басшыға мәлімдеуге;

2) жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде ұйым қызметіне және өзге тұлғаларға ықпал ету үшін қызметтік дәрежені пайдаланбауға;

3) әріптестерге, басшыларға және өзге лауазымдық тұлғаларға сыйлық бермеуге және лауазымдық өкілеттікті пайдалана отырып, мүліктік пайда, игіліктер не басымдықтар алу үшін қызметтік емес қызметтер көрсетпеуге;

4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын ашуға белсенділік танытуға;

5) оған белгілі болған сыбайлас жемқорлық фактілері туралы, сондай-ақ материалдарды және қағазбастылықты жылдамдатып қарау үшін кез келген пайда табуға тарту туралы басшылыққа мәлімдеуге;

6) жазбаша түрде орындау үшін алған бұйрықтың заңдылығына күдіктену туралы тікелей басшыға хабарлауға;

7) егер тікелей басшының өзі мүдделер қақтығысына тартылған болса, жоғары тұрған басшыға хабарлауға;

8) табыс табумен байланысты кәсіпкерлік және өзге де қызметтерді жүзеге асыруда кез келген көмек көрсетуден бас тартуға;

9) мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен басымдықтарды алу немесе табу мақсатында таратылуға жатпайтын қызметтік және өзге де ақпаратты пайдаланбауға міндетті.

10. Кәсіпорын қызмет көрсеткенде және өзге де функцияларды көрсеткенде Кәсіпорын қызметкерлері:

1) тұрақты түрде қызмет көрсету сапасының артуы жөніндегі шараларды қабылдауға;

2) қолжетімді нұсқада пайдаланушыларға қызмет көрсету тәртібі туралы толық және нақты ақпаратты ұсынуға;

3) көзделмеген құжаттарды талап етуді болдырмауға, сондай-ақ қызметтер мен өзге де функцияларды көрсету барысында қағазбастылықтан (бюрократиядан) барынша қашуға;

4) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасауға тартқан жағдайда, басшылыққа мәлімдеуге;

5) қызмет көрсету кезінде ұтымды және тиімді қызмет көрсету процесін тұрақты түрде жетілдіруді қамтамасыз етуге міндетті.

11. Кәсіпорын қажеттілігі үшін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде Кәсіпорын қызметкерлері:

1) мемлекеттік сатып алу үшін қолданылатын ақшалай қаражатты оңтайлы және тиімді пайдалануға;

2) Заңмен көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды жүргізу рәсіміне қатысу үшін әлеуетті өнім берушілерге теңдей мүмкіндік беруге;

3) мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге;

4) сыбайлас жемқорлық танытуды болдырмауға міндетті.

12. Кәсіпорында кадрлық жұмыстарды ұйымдастыру кезінде Кәсіпорын қызметкерлері:

1) Кәсіпорынға жұмысқа қабылдайтын кезде, қызметкерге жүктелетін негізгі міндеттерді, тыйымдарды және шектеулерді түсіндіруге;

2) кадрларды іріктеу кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға;

3) Кәсіпорын қызметкерлерінің жеке деректері туралы мәліметті негізсіз таратуды болдырмауға;

4) еңбек шартын жасау үшін қатысы жоқ құжаттарды үміткерлерден талап етпеуге;

5) Кәсіпорын қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеруді әділ және жан жақты жүргізуге міндетті.

13. Кәсіпорын қызметінде туындайтын өзге де өзара қарым-қатынастар кезінде Кәсіпорын қызметкерлері:

1) қол астындағы қызметкерлердің міндеттері мен қызметтік дәрежелерінің көлемін нақты және айқан түрде анықтауға;

2) қол астындағы қызметкерлер арасында еңбек жүктемесін әрқалай бөлмеуге;

3) олардың қызметінің нәтижелерін бағалау кезінде, сондай-ақ сыйақы беру және жазалау шараларын қолдану кезінде әділеттілік пен әділдік білдіруге;

4) шын мәнінде орындалмайтын бұйрықтарды немесе олардың лауазымдық міндеттерінен тыс, сондай-ақ заңнамаға қайшы келетін бұйрықтарды бермеуге;

5) қызметтік емес сипаттағы мәселелерді шешу кезінде қол астындағы қызметкерлердің қызметіне ықпал ету үшін қызметтік дәрежені пайдаланбауға;

6) қол астындағы қызметкерлерге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға итермелемеуге;

7) әріптестердің өз лауазымдық міндеттерін орындау барысында туындаған мүдделер қақтығысын реттеу жөніндегі түбегейлі шараларды уақытылы қабылдауға;

8) Кәсіпорын мүлкінің сақталуын қамтамасыз етуге, Кәсіпорын мүлкін, соның ішінде автокөлік құралдарын қызметтік мақсатта орынды жәнетиімді пайдалануға міндетті.

 

3. Жауапкершілік

14. Кәсіпорын қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты орындамағаны немесе тиісті түрде орындамағаны үшін жауапқа тартылады.