ruenkz

Қазақстан Республикасында басымдығы бар маршруттар үшін авиаотынды субсидиялау қағидалары бекітілді

Құрылды 17.09.2019 10:10

ҚР Үкіметі 2019 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысымен Басымдығы бар халықаралық авиамаршруттар үшін авиациялық отынды субсидиялау қағидаларын бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Хабарламада айтылғандай, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмдері негiзiнде жүзеге асырылатын авиамаршруттың тиiмдi жұмыс iстеуi үшін қажетті кiрiс деңгейін қамтамасыз етпейтін басымдығы бар халықаралық авиамаршруттар бюджет қаражаты есебінен субсидиялауға жатады.
Жолаушыларды, жүктерді, поштаны және багажды тасымалдаудан алынған кіріс пен басымдығы бар жаңа халықаралық авиамаршруттар бойынша авиатасымалдау кезінде бір жылға қалыптасатын пайдалану шығыстарының сомасы арасындағы жалпы теріс айырма болған кезде әрбір авиамаршрут бойынша бөлінген бюджеттік субсидиялардың авиаотынға жұмсалатын шығыстар құнынан 10 %-тен аспайтын жылдық сомасы шегіндегі авиаотынға арналған шығыстар субсидиялануға жатады.
Республикалық бюджеттен субсидиялауға ұсынылатын басымдығы бар халықаралық авиамаршруттарды заңнамада белгіленген тәртіппен азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын бюджеттік өтінімге енгізеді.
Бюджеттік субсидиялар алу үшін тиісті бюджеттік бағдарламаның әкімшісі мен субсидияланатын авиамаршрутқа қолданыстағы куәлігі бар авиакомпания арасында басымдығы бар халықаралық авиамаршруттар үшін авиаотынды бюджеттік субсидиялау шарты жасалады.
Бюджеттік субсидияларды төлеу бекітілген бюджеттік бағдарламаны қаржыландыру жоспарына сәйкес бөлінген қаражат көлемінде ай сайын жүзеге асырылады.
Қаржы жылының қорытындысы бойынша авиакомпания мен азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган орындалған жұмыстарды салыстырып-тексеру актілерін жасай отырып, өзара есеп айырысуларды салыстыруды жүргізеді.
Авиамаршрутты пайдалану процесінде шарт талаптарын орындамаған авиакомпанияларға, сондай-ақ Жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау бойынша қызметтер көрсету үшiн субсидияланатын авиамаршруттарға арналған конкурс өткізу және субсидияланатын авиамаршруттарға куәліктер беру қағидаларына сәйкес куәлік кері қайтарып алынған жағдайда, субсидиялар төлеу жүргізілмейді.
Қаулы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

25