ҚАЗАҚСТАН ЕУРОПА МЕН АЗИЯ АРАСЫНДАҒЫ ЖАҢА АВИАЦИЯЛЫҚ АЛТЫН КӨПІРГЕ АЙНАЛУДА
Салынған уақыты 10.09.2025 11:43
2025 жылғы 10-11 қыркүйек күндері Алматы қаласында Third CANSO Euro-Asia ANSP’s CEO Summit — CANSO Еуроазиялық өңірінің аэронавигациялық қызмет көрсету провайдерлері бас директорларының қатысуымен халықаралық өңірлік кеңес өтуде. Оған Еуропа және Азияның аэронавигациялық провайдерлерінің басшылары, сондай-ақ ғаламдық авиациялық институттардың өкілдері қатысуда.

Осындай деңгейдегі іс-шараның Алматы қаласында өтуі, Еуропа мен Азия арасындағы авиациялық алтын көпір ретінде Қазақстанның рөлі артып келе жатқандығының көрінісі. Іс-шараны өткізу алаңын таңдау халықаралық қауымдастықтың отандық аэронавигациялық жүйеге, оның қауіпсіздігі мен стартегиялық маңыздылығына деген жоғары сенімін көрсетеді.
Кеңес шеңберінде саланы дамытудың негізгі бағыттары талқыланатын болады:
- әуе қозғалысының ағындарын басқару жүйесін (ATFM) енгізу және өңірдегі деректермен алмасу;
- авиатасымалдау тиімділігін арттыру жолдары мен негізгі көрсеткіштерді (KPI) келісу;
- әуе қозғалысы қауіпсіздігін басқаруда заманға сай тәсілдерді қолдану.
.jpeg)
Аэронавигация саласындағы рекордтық көрсеткіштер (2024 жыл):
-Барлығы 446 106 ұшуға (транзиттік, халықаралық, ішкі ұшуларды және жүк операцияларын қоса алғанда) қызмет көрсетілген;
-Оның ішінде 334 256 транзиттік ұшу мен қонуға қызмет көрсетілген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 8 пайызға (308,2 мың) көп;
-Жолаушылар легі 29,7 млн адамға жетті (2023 жылмен салыстырғанда +14%);
-Жүк авитасымалының көлемі 55%-дан астам өсіп, 25,1 мың рейсті құрады.
Еліміздегі аэронавигациялық қызмет көрсететін жалғыз провайдер «Қазаэронавигация» РМК осындай операциялар ауқымын атқарады. Кәсіпорын Қазақстанның бүкіл аумағындағы әуе қозғалысының қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін жауап береді. Қол жеткізілген жоғары көрсеткіштер мен халықаралық деңгейде берілген жоғары баға осының дәлелі.
EUROCONTROL мен IATA болжамы бойынша дәл осы Еуропа–Азия бағыты 2050 жылға қарай үлкен сұранысқа ие болатын авиақатынасқа айналмақ. Географиялық орналасуының бірегейлігі мен аэронавигациялық технологияларға салып жатқан қомақты инвестициялары Қазақстанның осы бағытта өз орнын алып, үлкен үлеске ие болатынының кепілі.

2025–2035 жылдарға жасалған стратегияның аясында мынадай маңызды жобалар іске асырылуда:
- AIM цифрландыру — электрондық аэродеректерді енгізу, NOTAM және цифрлық карталарды өңдеуді автоматтандыру;
- Жаңа халықаралық бағыттар ашу;
- Ұшу қауіпсіздігін арттыру үшін таулы аудандарда (Қатонқарағай, Кендірлі және Зайсан) PBN процедураларын енгізу;
- Алматы мен Астана қалаларында ұшып шығу процедураларын автоматтандыру (ATC Clearance Delivery), бұл ұшуға қызмет көрсету деңгейі мен сапасын арттырады.
«Бүгінгі Қазақстан жаһандық авиацияда стратегиялық маңызға ие ел. Біз транзитке қызмет көрсетіп қана қоймай, аэронавигация сапасы мен қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтереміз. Біздің алдағы онжылдыққа жасалған жобаларымыз Қазақстанның Батыс пен Шығыс арасындағы заман талаптарына сай сенімді авиациялық алтын көпір болудағы рөлін нығайта түспек», — деп атап айтты өз сөзінде «Қазаэронавигация» РМК бас директоры Фаат Богдашкин.
2062