Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлесіп құрғақшылық аймақтарда бұлт тұқымдау жобасын бастайды
Салынған уақыты 03.10.2025 12:42
VIII Халықаралық Digital Bridge 2025: Generative Nation форумының аясында, Халықаралық көрме орталығы EXPO алаңында үшжақты Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжатқа қол қойған тараптар:
- Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық метеорологиялық орталығы,
- «Қазаэронавигация» РМК,
- «Қазгидромет» РМК.

Меморандум Қазақстан аумағында пилоттық аймақты айқындап, бұлт тұқымдау технологиясын енгізуді көздейді. Бұл заманауи климаттық әдіс жауын-шашын көлемін арттыруға бағытталған. РМК «Қазаэронавигация» атынан құжатқа ұйымның бас директорының міндетін атқарушы Серік Шулембеков қол қойды.
Меморандум Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді және пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін дайындық іс-шаралары мен бірлескен зерттеулерді қамтиды. Сондай-ақ құжат метеорология саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, климаттық технологияларды енгізуге және ауыл шаруашылығының климаттық өзгерістерге төзімділігін арттыруға бағытталған.
Біріккен Араб Әмірліктерінде аталған технология ұзақ жылдан бері табысты қолданылып келеді. Оның тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденген – жауын-шашын көлемін ұлғайтып, құрғақшылықтың зардаптарын азайтуға және елдің су ресурстарын нығайтуға ықпал етіп отыр.

Жобаны іске асыру үшін «Қазаэронавигация» 2020 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңді қамтитын барлық қазақстандық әуежайлар бойынша METAR деректер мұрағатын әзірледі. Бұдан бөлек, доплерлік метеорологиялық радиолокаторлардан алынған радиолокациялық ақпаратты беру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл зерттеу жұмыстарын анағұрлым дәл және тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Қазақстан үшін пилоттық жобаны енгізу – заманауи климаттық инфрақұрылымды қалыптастыру, ауыл шаруашылығын қолдау және құрғақшылық аймақтарды ылғал тапшылығынан қорғау бағытында маңызды қадам болмақ. Халықаралық әріптестік ғылыми-техникалық алмасудың жаңа көкжиектерін ашып, климаттық технологияларды қолданудағы озық тәжірибені енгізуге жол ашады.
1665