Air Astana Қазақстаннан Түркияға халықаралық рейстерін қалпына келтіруде
Салынған уақыты 18.06.2020 16:56
Air Astana 20 маусымнан бастап Қазақстанның қалаларынан Стамбул мен Анталияға халықаралық рейстерін қалпына келтіретіні туралы хабарлады.
Стамбулға авиакомпания Алматыдан аптасына бес рет, Нұр-Сұлтаннан аптасына үш рет және Атыраудан аптасына екі рет ұшатын болады.
Air Astana Алматы-Анталия бағытында аптасына бес рет, Нұр-Сұлтан - Анталия бағытында аптасына екі рет қызмет көрсететін болады.
Air Astana Түркиядан Қазақстанға келген жолаушылар ұшып келгеннен кейін 48 сағат ішінде коронавирусқа ПТР-тест тапсырулары немесе теріс нәтиже көрсетілген анықтама ұсынулары тиіс екенін назарға салады.
Сонымен қатар, Air Astana Түркияға кіру кезінде температура тексеріліп, ауру белгілері бар жолаушылар ПТР-тестке жіберілетінін айтты.
Маусым айының басында Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрлігі халықаралық рейстерді кезең-кезеңмен қайта жаңарту кестесін жариялады. Осы кестеге сәйкес Қазақстанға ұшу 20 маусымнан бастап рұқсат етілген.
4911