Авиaцияның болашағы: Алматыда авиациялық кадрларды даярлау жөніндегі ИКАО өңірлік семинары өтті
Салынған уақыты 07.11.2025 10:26
2025 жылдың 5–6 қарашасында Алматы қаласы авиация мамандығының болашағын айқындайтын маңызды пікірталастар алаңына айналды. Мұнда ИКАО EUR/NAT өңірлік авиациялық персоналды даярлау және жұмыс күшін жоспарлау жөніндегі семинары өтті. Іс-шараны «Қазаэронавигация» РМК ИКАО-ның Еуропа және Солтүстік Атлантика өңірлік бюросымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің қолдауымен ұйымдастырды.

Семинарға Еуропа, Азия және ТМД елдерінің авиация әкімшіліктерінен, әуе компанияларынан, оқу орындарынан және халықаралық ұйымдарынан жүзден астам өкіл қатысты. Екі күн бойы сарапшылар бүгін де, ертең де сұранысқа ие болатын авиация мамандарын қалай даярлау керектігін талқылады.
«Авиация саласындағы басты сын-тегеурін – технология емес, адам. Саладағы қауіпсіздік, тұрақтылық пен инновация мамандарды қалай даярлап, дамытатынымызға байланысты», – деп атап өтті ИКАО EUR/NAT өңірлік директоры Николя Ралло.

Талқылаудың негізгі өзегі ИКАО айқындаған төрт стратегиялық бағыт болды:
аймақтық деңгейде дағдыларды мониторингтеу және кадрлық қажеттіліктерді болжау;
технологиялық өзгерістер жағдайында үздіксіз оқыту мәдениетін қалыптастыру;
NGAP бағдарламасы (Next Generation of Aviation Professionals) аясында жастардың авиация дамуына қатысуын кеңейту;
оқу орталықтары, әуе компаниялары және реттеуші органдар арасындағы әріптестік пен тәжірибе алмасу.
Бағдарлама интерактивті пікірталастарды, “Sky Talk” форматындағы қысқа талқылауларды және JAA TO, ACI World, Airbus Helicopters Kazakhstan Engineering, Air Astana, QAZAQ AIR, ENAC, EUROCONTROL және басқа да жетекші ұйымдардың басшылары қатысқан сессияларды қамтыды.
Жас мамандарға ерекше назар аударылды. “Авиaцияның болашақ дауыстары” атты секцияда студенттер мен жас мамандар өз ойларымен, салаға деген көзқарасымен және күтілімдерімен бөлісті.
«Біз жастардың авиацияда жұмыс істеуді ғана емес, оны жақсартуға үлес қосуды қалайтынын көреміз. Біздің міндетіміз – олардың дамуына мүмкіндік пен жағдай жасау», – деді JAA TO бас директоры Паула В. де Алмейда.
.jpeg)
Алматының семинар өткізу алаңы ретінде таңдалуы Қазақстанның авиациялық білім беру және халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы өсіп келе жатқан рөлін көрсетеді. Бүгінде ел ИКАО-ның жаһандық бастамаларына белсенді қатысып, авиациялық кадрларды даярлау инфрақұрылымын дамытып, аймақтық әріптестермен тәжірибе алмасуда.
Семинардың өтуі Қазақстанның аймақтық құзыреттер орталығы және авиацияның болашағын қалыптастырудағы сенімді серіктес ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады.
483