ruenkz

Португалияда "Эйр Астана" ұшағымен болған оқиғаның мән жайы жарияланды

Құрылды 15.07.2020 12:47

Португалияның авиациялық оқиғалардың алдын алу және тексеру департаменті (GPIAAF) "Эйр Астана" авиакомпаниясының 1388 техникалық рейсімен болған авиациялық инцидентті тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Tengrinews.kz Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.

Техникалық қызмет көрсету кезінде португал мамандарының элерондарды басқарудың кабельдік жүйесін дұрыс орнатпағаны анықталды.

Сондай-ақ, португал мамандары қазақстандық әуе кемесі экипажының кәсіби деңгейінің жоғарылығын атап өтті.

«Экипаж ұшақты тиімді басқару мүмкін еместігін байқағаннан кейін тербелмелі қозғалысты барынша азайтуға тырысқан.

Экипаж дереу төтенше жағдай жариялап, ұшақтың қалыпты қисаюының себебін анықтауға кіріскен, ұшақты басқаруды қалпына келтіру үшін барынша күш салған. Бұл ретте экипаж ұшақ жүйелерінен ақау белгілерін байқамаған, тек ұшудың қалыпты жағдайының бұзылғандығы туралы хабарламалар жіберіп отырған.

Алайда, жағдай жақсармаған. Ал, орындалған траекториялар ұшақ пен экипаж мүшелеріне үлкен ауыртпалық түсірген. Кейбір жағдайларда ұшақты басқару мүлде мүмкін болмаған.

Жағдайдың ауырлығын ескере отырып, команда теңізге жету үшін бірнеше рет пәрмен сұраған», - деп нақтылады ААК.

Экипаж элерондар қозғалысының тәртібі бұзылғанын түсінген, ал ұшақ кренімен жасалған кез келген іс-әрекет нәтиже бермеген.

Дегенмен әуе кемесінің командирі ұшақты сәтті Бежа қаласының әуежайына қондырған. Авиациялық әкімшілік экипажға кәсібилігі үшін және "Эйр Астана" авиакомпаниясына тиісті дайындығы үшін алғыс білдірген.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 11 қарашасында "Эйр Астана" авиакомпаниясының Embraer 190 ұшағы Португалияның авиациялық-техникалық орталығынан Қазақстанға KC1388 рейсін орындаған болатын. Ұшу барысында техникалық ақаулықтар пайда болып, соның салдарынан экипаж қауіпсіздік рәсімдеріне сәйкес жақын маңдағы әуежайға қонуға шешім қабылдайды.

Осылайша бортында жолаушылары жоқ авиалайнер Бежа қаласының әскери әуежайына аман-есен қонады.

117